«Болашақ» қауымдастығының мүшелері студенттермен Елбасы Жолдауын талқылады
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Қазақ мемлекеттік заң академиясында болған «Болашақ» қауымдастығының мүшелері студенттерге Мемлекет басшысының қаңтардың 29-ындағы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіріп, олармен пікір алмасты.
Кездесу барысында аталған қауымдастықтың мүшесі Дәурен Төлеуханов еліміздің дағдарыстан өту барысында шыныға түскенін, тәжірибе жинақтап, даму жолындағы белсенділігін арттыра түскендігін баса айтты. Оның айтуынша, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру барысында көптеген елдер біздің елімізге сенімсіздікпен қараған. «Дегенмен, Елбасымыздың салиқалы саясатының және дипломатиялық корпусымыздың нәтижелі қызметінің арқасында бүкіл әлем Қазақстанды демократиялық қағидаларды берік ұстанған бейбіт ел екенін таныды», деді ол өз сөзінде.
Кездесу барысында «Болашақ» қауымдастығының мүшелері студенттерге Мемлекет басшысының өз Жолдауында алға қойған міндеттерін жүзеге асыру барысын жан-жақты баяндап, дамудың үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы туралы, жастарды әлеуметтік қолдау туралы пікір бөлісті.