«Болашақ» - келешегімізді кемелдендіретін күре жол
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін әлемдік қоғамдастыққа толық ену үшін алғашқы қадамдар жасала бастады. Әсіресе, жастардың сапалы және бәсекелестікке қабілетті білім алу мүмкіндігін жасауға үлкен көңіл бөлінді. Алғаш рет бұрынғы кеңестік мемлекеттер кеңістігінде дарынды жастарға шетелде толықтай мемлекет есебінен білім алу жобасы ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылды. Бағдарламаның құрылуына, сөзсіз, уақыт талабы ықпал еткен болатын.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы - Қазақстан Республикасы азаматтарының озық шетелдік жоғары оқу орындарында күндізгі оқу формасы бойынша оқуы үшін немесе шетелдік ұйымдарда ғылыми, педагогикалық, инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлердің тағылымдамадан өтуі үшін құрылған халықаралық стипендия.
Алғашқы күннен-ақ, «Болашақ» халықаралық стипендиясы жастардың кәсіби дамуы мен мансаптық өсуінің берік кепіліне айналды.
Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен «Болашақ» халықаралық президенттік стипендиясының 23 жылдығына орай «Халықаралық бағдарламалар орталығының» ұйымдастыруымен «Болашақ» - Қазақстан тарихының алтын парағы» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде деректі фильм түсірілген болатын. Фильм барысында бұрын ешбір жерде жарияланбаған ақпарат пен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері, жалпы бағдарламаның әлі ешкім естіп, білмеген қызықтары баяндалған.
Осы жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға құжаттар қабылдауы 11 сәуірде басталды. Жалпы елімізде аталған бағдарлама бойынша құжаттарды кезең-кезеңімен бір жылда 3 мәрте қабылдайды, атап айтсақ, бірінші - 11 сәуірден бастап 13 мамырды қоса алғандағы кезең; екінші - 13 маусымнан бастап 29 шілдені қоса алғандағы кезең; үшінші - 15 тамыздан бастап 30 қыркүйекті қоса алғандағы кезең.
Үміткерлер «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға құжаттарды электронды үкімет веб-порталы, «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы (бұрынғы ХҚО), сондай-ақ өз қолымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға тапсырды.
Сонымен қатар, «Болашақ» халықаралық стипендиясын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған жоспарына сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендия «Магистратура», «Докторантура», «Резидентура» және «Тағылымдамалар» бағдарламалары бойынша тағайындалып, оларға санатына қарай жекелеген талаптар қойылатын болды.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерінің мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда, акционерлік құрылымдардың жауапты салаларында, мемлекеттік және халықаралық жобаларда жұмыс істеп, осылайша мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуы олардың мансаптық өсуі мен кәсіптік жетілуінің айқын дәлелі іспеттес. Айта кетсек, қазіргі министр Қуандық Бишімбаев, әкім Бауыржан Байбек пен Алтай Көлгінов, Ғабидулла Әбдірахымовтар, Мағжан Әуезовтер осы бағдарламаның алғашқы түлектері.
Ел болашағының жарқын, жүрер жолының даңғыл болуы жан-жақты білім алған, тәрбиелі ұрпақтың қолында екендігі жасырын емес. Солардың сапалы біліміне байланысты ел ертеңінің келбетін болжай беруге болады. Ал, «Болашақ» халықаралық стипендиясы келешегімізді кемелдендіретін күре жолдардың бірі болып қала бермек.