"Болашақ" конкурсына қатысу үшін үміткерлерден құжаттар қабылдау жалғасуда

АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат. 2009 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткерлерден құжаттар қабылдау жалғасуда,

"Болашақ" конкурсына қатысу үшін үміткерлерден құжаттар қабылдау жалғасуда

деп хабарлайды ҚазАқпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта 366 адам құжаттарын тапсырған. Оның ішінде 196 адам жалпы конкурс бойынша, 35 адам квота негізінде және 135 адам өз бетімен түскен.

168 үміткер техникалық, 84 үміткер гуманитарлық мамандықтар бойынша оқуға ниет білдірген. Биыл «Магистратура» бағдарламасы бойынша оқуға басымдық беріледі.

Құжаттарды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 2009 жылғы 1 маусымнан бастап 15 тамызға дейін қабылдайды.

«Болашақ» халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу Ережесіне сәйкес жүргізіледі.

Ауыл жастары, 3 жылдан кем емес үздіксіз еңбек өтілі бар мемлекеттік, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер үшін квота көзделген. «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің үздік оқу орындары мен ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі де қарастырылғанын баса айтқан жөн.

Сонымен қатар, квота бойынша конкурсқа қатысушы үміткерлер үшін минималды тілдік деңгей салыстырмалы түрде төмендетілген, яғни квота жүйесі бойынша білім алатын стипендиаттарға ұзақтығы 4 оқу семестріне (2 жылға жуық) дейінгі, ғылыми тағылымдамалар бойынша 1 оқу семестріне (жарты жылға жуық) дейінгі тілдік курстан өту мүмкіндігі ұсынылған.

 «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар келесі мекен-жай бойынша қабылданылады:

Астана қаласы, Сол жақ жағалау, Тәуелсіздік к-сі, 29/1, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ.

Құжаттар Астана және Алматы қалаларында сенбі мен жексенбіден басқа күндері сағат 9.00-ден 17.00-ге қабылданылады.