Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Болашақ ойындары – 2026»: қазақстандық Novaq қола жүлдеден қағылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада өтіп жатқан халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» жарыстары шешуші кезеңге жақындап келеді. Бүгін фиджитал жекпе-жек, футбол, киберспорт және шутер дисциплиналары бойынша финалистер мен жүлдегерлер анықталып жатыр.

в
Фото: Gofuture.games

Бүгін Phygital Fighting дисциплинасы бойынша жарыстар жалғасып жатыр. Спортшылар алдымен консольдік ойында күш сынасып, кейін аралас жекпе-жек алаңында кездеседі. Виртуалды кезеңдегі нәтиже олардың негізгі жекпе-жек алдындағы бастапқы артықшылығын айқындайды.

Алғашқы жекпе-жекте Ресейдің Екатеринбург қаласынан келген «Архангел Михаил» клубының өкілі Максим Фукс айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жарыстың виртуалды кезеңінде 3:0 есебімен озып, шынайы айқаста мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

у
Фото: Gofuture.games

– Джойстикте маған тең келетін қарсылас болған жоқ. Виртуалды кезеңдегі жеңісім өзіме сенімділікті арттырды. Дегенмен ойын – бір бөлек, жекпе-жек – бір бөлек. Сондықтан әр кезеңге жеке дайындалу қажет. Жарысты ұйымдастыру жұмыстары өте жоғары деңгейде өтті. Астана – өте әдемі қала. Қаланы аралап көрдім, бәрі ұнады. Рақмет, – деді Максим Фукс.

Қазақстан атынан фиджитал жекпе-жекке FUTURE NOMADS командасы (Нұржігіт Баймен, Расул Хатаев, Богдан Пшебельский) қатысады. Қазақстандық спортшылар жарысы сағат 21:15-те басталады.

Айта кетейік, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында MOBA Mobile MLBB дисциплинасы бойынша жартылай финалдық кездесулер өтті. Командалар финал жолдамасын сарапқа салды. Мұнда индонезиялық Onic тобы малайзиялық Selangor Red Giants команадсынан басым түсті. Есеп: 2:0. Ал сағат 19.00-де сербиялық Aurora Gaming индонезиялық Bigerton by Vitality командасымен кездеседі.

у
Фото: Gofuture.games

Сондай-ақ Phygital Football UFL турнирінің жартылай финалдары өтті. Қатысушылар алдымен футбол симуляторында бақ сынап, кейін бәсекені 5×5 форматындағы шағын футбол алаңында жалғастырады. Жеңімпаз екі кезеңнің қорытынды көрсеткіші бойынша анықталады.

Бұл бағытта мексикалық Quetzales-Armadillos командасы Гватемаладан келген Club Holcattes тобын 2:0 есебімен жеңді. Ал уругвайлық NS Team өзбекстандық FC Olympic Phygital командасынан 2:0 есебімен басым түсті.

Phygital Shooter CS2 сайысында да алғашқы жүлдегер белгілі бола бастады. Бүгін үшінші орын үшін матч пен финал өтіп, қатысушылар әуелі компьютерлік ойында, кейін лазертаг алаңында шеберлігін сынайды. Өкінішке қарай Minsk House тобы 2:0 есебімен қазақстандық Novaq командасынан озды. Ал сағат 19:00-де Team KZ ресейлік Liga Pro Team тобымен бақ сынасады.

Еске сала кетсек, Астанада ең ірі халықаралық спорттық турнирлердің бірі — «Болашақ ойындары - 2026» сайысы өтіп жатыр. 12 күн бойы қатысушылар фиджитал-футбол, баскетбол, хоккей, жекпе-жек, бокс, би бағыттары, шутерлер, Battle Royale, MOBA, дрон жарысы, Battle Bots және жаңа форматтағы өзге де спорт түрлерінен бақ сынайды.

Бұған дейін Астанадағы турнирдің қаралымы 85 млн-ға жеткенін жазған едік.