«Болашақ ойындары»: Астанада ерекше хоккей жарысы өтті

Болашақтың ойындары
Фото: Астана спорт басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – Шайбалы хоккейден «Болашақ ойындары» турнирі аясында «фиджитал хоккей» форматы бойынша жасөспірімдер сынға түсті.

Астана қалалық спорт басқармасы мәлім еткендей, фиджитал хоккейдің ерекшелігі — жасөспірімдер бастапқыда playstation құрылғысында 3×3 форматы бойынша 9 минутта мықтыны анықтайды. Екінші кезекте дәл осы есеп сақталып, хоккейшілер ары қарай мұз айдынында 7 минуттан тұратын 3 кезеңде ойнап, жалпы жеңімпаз анықталады.

Турнирге Астана қаласының 6 командасы қатысты.

Хоккей
Фото: Астана спорт басқармасы

Бұндай ойын тек Ресейдегі «Болашақ ойындарында» ғана ұйымдастырылады. Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатыр. Бірінші рет болған соң, қатысушылардың саны аздау. Дегенмен, жыл соңына дейін тағы 1-2 жарыс өткізу ойда бар. Үміткерлердің де саны артады деп сенемін. Бұның барлығы 2026 жылы елімізде өтетін «Болашақ ойындарына» дайындық десе де болады.

Турнирдің басты мақсаты — жасөспірімдерде спорт пен киберспортты біріктіріп, физикалық және ойлау тұрғысын бірге дамыту — деді, жарыстың ұйымдастырушысы Вячеслав Борисов.
Айта кетейік, елімізде «Болашақ ойындары» көп спортты халықаралық турнирін өткізу 2025 жылдан 2026 жылға ауыстырылған болатын.

Осындай бәсеке мен үшін таңсық. Себебі, осы күнге дейін тек хоккейге мән беріп келіп едім. Playstation-да хоккей ойнау дәрежем жоғары емес. Алдағы уақытта киберспорт жағына мән беретін боламын — деп, Абзал атты жас хоккейші өз әсерімен бөлісті.

Турнир қорытындысы бойынша, «Номад-1» командасы топ жарса, «Номад-2» ұжымы 2-орын, «Астана-1» командасы үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ, жасөспірімдер мұз айдыны мен digital сайыстарында да үздік номинациялармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар