Болашақ продюсерлер алғашқы мәдени шараларын өткізді
Шараның ерекшелігі конкурсты арт-менеджмент мамандығы бойынша білім алатын 3 курс студенттері ұйымдастырған. Олар Қазақстанда бұл мамандық бойынша білім алып жатқан бірінші топ. Болашақ продюсерлер, менеджерлер, директорлар және өнер саласы бойынша ұйымдастырушы мамандар өздерінің 3 жыл алған теориялық білімін іс жүзінде жүзеге асырып көруді шешкен. Олар білімдерінің жоғары деңгейде екендерін көрсетті де. Оған куә қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінен құралған беделді әділқазылар, брендті демеушілер, аншлаг және қызықты, көңілді бағдарлама. «К7» тобының жетекшісі, шоумен Ерлан Көкеевтің айтуынша, қазақстандық шоу бизнесте мәдени шараларды ұйымдастырушы кәсіби мамандардың жоқтығы мәселесі бар. Көптеген музыкалық топтар кәсіби менеджменттің жоқтығынан қиындыққа ұшырайды.
«Тәжрибе жүзінде ұйымдастыру жұмыстарын бұрынғыдай көркемөнерпездардың жетекшілері, топтардың жетекшілері мойнына алып жатады. Алайда уақыт талаптары қатаң, сондықтан ондай жұмыстардың нәтижесі де шамалы, консерваторияның осы саладағы алғашқы түлектері отандық шоу-бизнеске сапалы менеджмент алып келеді деп сенемін»,- деді Е.Көкеев.
Ең үздік аруды анықтауға консерватория ректоры Жания Әубәкірова қатысты. Шара қорытындысы бойынша қатысушылардың барлығы ректор атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.