"Bolashak" РА «Біздің Конституция» атты акция өткізбек
АЛМАТЫ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - ҚР Конституциясы күніне орай "Bolashak" РА «Біздің Конституция» атты акция өткізбек. Бүгін, тамыздың 27-сі күні кешкі сағат 17:00-де болатын бұл шараға студент жастардан құралған еріктілер тобы қатысады. Олар Алматыдағы Жібек жолы - Абылай хан, Мақатаев - Абылай хан, Абылай хан - Мәметова
көшелерінің қиылысына жиналып, көшедегі автокөліктерге еліміздің туы түстес - сары-көгілдір ленталар байлайтын болады. Аталған акция Ата заңымыздың және оны атап өту күнінің мәнін көпшілік арасында кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат "Bolashak" РА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, 28-ші тамыз күні Алматы қаласының «Арбат» аталып кеткен демалыс орнында осы ұйымның бастамасымен тұрғындар арасында «Негізгі заң есіңізде ме?» деген сауалнама жүргізіледі. Осы сауалнама арқылы халықтың басты заңнан хабардар болу деңгейіне талдау жасау көзделген.
Тағы бір шара тамыздың 29-шы жұлдызында ұйымдастырылмақ. Журналистер мен жастардан құралған еріктілер тобы Үлкен Алматы өзенін жоғары бойлай өрлейтін болады. Жол-жөнекей оңтүстік астананы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған құбырлардағы жазуларды кетіріп, олардың орнына патриоттық ұрандар мен жалынды сөздер жазылады.