«Болашақ» стипендиаттары Елбасының сауығып кетуін тіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен түлектері Елбасына тезірек сауығып кетуін тілейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болашақ» стипендиаттары Елбасының сауығып кетуін тіледі

«Коронавирус пандемиясы қарқынды түрде тарауда. Өкінішке қарай, бүгін Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы, «Болашақ» Халықаралық стипендиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болды. Тұңғыш Президентіміз – Қазақстанның соңғы 30 жылында әлемдік елдермен иық тіресіп, биіктерде көк туымыздың желбіреуіне септігін тигізген тұлға. Елбасының арқасында «Болашақ» бағдарламасы арқылы мыңдаған жас қазақстандықтар әлемнің таңдаулы университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды.

Елінің сенімі мен үмітін ақтаған Тұңғыш Президентіміз осы сынақтан аман-сау өтіп, денсаулығы мықты болсын деп тілейміз», - деп жазылған «Болашақ» қауымдастығының ресми парақшасында.

«Құрметті достар, санитарлық, дезинфекциялық сақтық шараларын барынша қарастырып, аса қауіпті індеттің таралуына жол бермей, алдын алайық, абай болайық! Бұл уақытша өтпелі кезең. Бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында қиын кезеңді де еңсеріп, талай жетістіктерге жететінімізге сеніміміз мол! Біз бұл індетті бірге еңсереміз!», - дейді болашақтықтар.