«Болашақ» стипендиаттары Forbes рейтингiне енген әлемнiң ең танымал өндiрiстерiнде тағылымдамадан өтедi
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашақ» стипендиаттары Forbes тiзiмiне енген әлемнiң ең танымал өндiрiстерiнде тағылымдамадан өтедi. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлiм еттi.
Оның айтуынша, биыл «Болашақ» стипендиясын сапалық тұрғыда жоғарылату бойынша бiрқатар талаптар күшейтiлген және жаңа қағидаттар енгiзiлiп отыр.
«Биылдан бастап тiл бiлiктiлiгiне талаптар күшейтiлдi. Ағылшын тiлiнiң деңгейi IELTS-тiң 4.0 балынан төмен болмауы тиiс. Жоғары оқу орындарының тiзiмi қайтадан қаралды. Тағылымдамадан өтетiн кәсiпорындарға талап күшейдi. Қазiр бiз өз мамандарымызды әлемде тек ең үздiк орындарға ие ұйымдарға жiберемiз. Олар - Forbes, Fortune, Financial Times рейтингiсiне енген ең танымал өндiрiстер. Сонымен қатар бiз Ұлыбритания және АҚШ елдерiндегi академиялық ЖОО-ының тiзiмiн қайта пысықтадық», - дейдi ол.
Оның айтуынша, биыл 1100-ге тарта стипендия бөлiнген. Алдағы уақыттарда оған лайық үмiткерлер iрiктелетiн болады.