«Болашақ» стипендиаттарының дені олигархтардың немесе шенді-шекпенділердің балалары деп айту қисынсыз - зерттеу

«Қоғам арасында «Болашақ» бағдарламасына негізінен байдың, жоғары лауазымды тұлғалардың балалары оқиды деген қате түсінік қалыптасқан. Зерттеуде анықталғанындай, «Болашақ» стипендиаттарының 38 пайызы әке-шешелері шағын және орта бизнестегі адамдар. Яғни дүңгіршектері, шағын бизнестері бар жеке кәсіпкерлер, ЖШС басшылары. 35 пайызының ата-аналары мемлекеттік қызметкерлер. Негізінен олар: дәрігерлер, ұстаздар. Ата-аналары жұмыссыз немесе өзін-өзі қамтығандар санатына жататындар - 8 пайыз, зейнеткерлер - 14 пайыз, әке-шешелері жоқтар - 2 пайыз. Осыған қарап-ақ, стипендиаттардың дені олигархтардың немесе шенді-шекпенділердің балалары деп айту қисынсыз екендігін көруге болады. Демек, «Болашақ» бағдарламасына әлеуметтік санаттары әр түрлі, қалың бұқара топтарының кез келген өкілі түсе алады», - дейді Н.Саясат.
Айта кетейік, "Нұр Отан" партиясының Қоғамдық саясат институты «Болашақ» бағдарламасының тиімділігін бағалау» атты зерттеу жүргізді. Зерттеуге 1338 респондент, 46 сарапшы, 100-ден астам жұмыс беруші тартылды. Онда түлектердің 91 %-ы «Болашақ» стипендиясы ауыл жастары мен тұрмысы төмен отбасылардың балалары үшін «әлеуметтік жеделсаты» ретінде тиімді болды деп санайтындықтарын айтқан. Ал 93 пайызы «Болашақ» бағдарламасына қатысу және оның ашықтық жағдайы әділетті деп есептейді.