Болашақ стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат - Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде ағымдағы жылы наурыздың 19-ында өткен Шетелде мамандар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысы бойынша Болашақ стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды.

 Болашақ стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

Басылымда республикалық комиссияның қорытындысы бойынша «Болашақ» стипендиясының 139 үміткерінің тізімі мен олардың таңдаған мамандықтары қос берілген. Бұл азаматтардың басым көпшілігі шетелде ғылыми тәжірибеден өтуге барады. Үміткерлердің басым бөлігі «Кәсіптік білім берудің теориясы мен әдістемесі», «Педагогикалық диагностика, білім сапасын басқару мен бағалау», «Шығыстану», «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер», «Экология», «Құқық», «Білім беру саласындағы басқару», «Экономика», «Биотехнология», «Мемлекеттік саясат», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Менеджмент» және медицина салалары бойынша білім алмақ.

Айта кетейік, 2010 жылдың ақпан айының 13-і мен 26-сында өткен конкурстық іріктеулердің қорытындысы бойынша республикалық комиссияның қарауына 196 үміткердің құжаттары келіп түскен. Барлық үміткерлердің 22-сі бакалавриат, 41-і магистратура бағдарламалары бойынша, ал 133-і ғылыми тәжірибеден өтуге ниет білдірген болатын.