«Болашақ» стипендиясы конкурсына қатысу үшін 356 азамат құжатын тапсырды
АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы конкурсына қатысу үшін 356 азамат құжатын тапсырды.
Бұл ақпаратты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның баспасөз қызметі таратып отыр.
Орталықтың ақпаратына сәйкес, 148 азамат жалпы конкурс негізінде, ал 20-сы квота бойынша және 188-і өз бетімен түскен. 179 үміткер техникалық, 167 - гуманитарлық және 10-ы медициналық мамандық бойынша шетелде білім алуға қызығушылық танытып отыр. «Бакалавриат» бағдарламасына - 131 үміткер, «Магистратураға» - 207, «Докторантураға» - 3, «Клиникалық ординатураға» - 9 азамат құжаттарын тапсырды. Үміткерлердің басым бөлігі АҚШ, Швейцария, Канада және Ресейде оқуға ынта білдірген.
- Үміткерлердің мына санаттарына: ауыл жастарына, мемлекеттік қызметшілерге, ғылыми және педагог қызметкерлерге және ғылыми тағылымдамадан өту үшін ғылыми қызметкерлерге квота қарастырылған. Халықаралық стипендия аясында белгіленген квотаға іліккендер үшін шет тілін білудің ең төменгі деңгейі жалпы конкурс негізінде тапсырған талапкерлерге қарағанда төмендетілген. Сонымен қатар, үміткерлердің осы санаттары үшін кемінде 4 оқу семестрінде тілдік курстардан өту мүмкіндігі, ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлерге ұзақтығы кемінде 1 оқу семестр болатын тілдік курстар көзделген.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ академиялық оқу үшін 2010 жылғы маусымның 7-сінен шілденің 30-ына дейін, ғылыми тағылымдама үшін маусымның 7-сінен қыркүйектің 30-ына дейін құжаттар қабылдайды.
Жыл сайын әлемнің 25 елінде 3000 -ға жуық стипендиат білім алады.