«Болашақ» стипендиясына үміткер азаматтың жұмыс өтілі болуы шарт
АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - «Болашақ» стипендиясына үміткер азаматтың, ең алдымен, жұмыс өтілі болуы шарт. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында ашылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде журналистерге сұхбат берген «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы басшысының орынбасары Әсет Әбдуәлиев мәлім етті.
«Болашақтың» жаңа талаптарына сәйкес, стипендияға үміткер азаматтың, ең бірінші, жұмыс өтілі болуы қажет. Екіншіден, жұмыс берушінің арызы тапсырылуы шарт. Ол құжат бойынша стипендияға ие болған азаматтың жұмыс орны сақталуы тиіс. Ал оқудан кейін түлек 3-5 жылын бұрынғы қызметте істеп шығуы міндет. Осылайша, қандай да бір қазақстандық компанияға қайтіп келіп, жұмыс істемесең, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге шыға алмайсың», - дейді Ә.Әбдуәлиев.
Айта кетейік, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2-2,5 мың қазақстандық студент шетелде білім алуда. Жақын арада 500-і елге оралады.