«Болашақ» стипендиясынан 333 адам айырылды - С.Нұрбек

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылған уақыт ішінде 333 адам стипендиядан қағылды.

«Болашақ» стипендиясынан 333 адам айырылды - С.Нұрбек

Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру қорытындыларына арналған Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Саясат Нұрбек мәлім етті.

Оның атап өтуінше, студенттердің стипендиядан айырылуының басты себебі олардың оқу үлгерімдеріне байланысты болып отыр. «Отбасылық проблемаларға және жоспарларының өзгеруіне байланысты стипендиядан бас тартатын студенттер де бар», - дейді ол.

С.Нұрбектің сөзіне қарағанда, студенттерден оқуға төленген қаржыны мемлекет пайдасына өтеуде барынша жеңілдіктер қарастырылған.

«Бізде жылжымайтын мүлікті кепілге қою стипендиаттың міндеттемесін қамтамасыз ету үшін жүргізіледі. Бұл міндеттемелер орындалмаған жағдайда ерекше процедура бар. Ертеректе біз бұл мәселелерді сот тәртібімен шешетінбіз. Ал қазіргі уақытта республикалық комиссия шешімімен стипендиаттың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, төлем жасау кестесі құрылады. Егер азамат стипендиядан қағылатын болса, онда ол шығындалған ақшаны ешқандай қосымша төлемсіз, пайызсыз 10 жылдың ішінде қайтарады», - деді орталық басшысы.