Болашақ студенттің оқу ақысын алдын ала жинақтау жүйесі құрылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі оқу ақысын алдын ала жинайтын «эскроу-шот» құралын енгізбекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болашақ студенттің оқу ақысын алдын ала жинақтау жүйесі құрылады

Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осындай жоспары бар екенін айтты.

«Білім алуға қаражат жинақтау құралы ретінде оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, балалар мен студенттердің жасына қарай білім беруге қаржы жинақтаудың мемлекеттік жүйесін пайдалану мәселелерін пысықтап жатырмыз. Бұл шаруаны жинақтаушы 18 жасқа, яғни мектеп бітіргенге дейін Оқу-ағарту министрлігі, мектеп бітіргеннен кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі реттейді», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Аталған эскроу-шот арқылы ваучерлік жүйеге көшу көзделіп отыр.

«Сараланған гранттар, яғни оқу ақысының 30%-ынан 100%-ына дейін беру ұсынылады. Сараланған грантты енгізу тәсілдері пысықталуда. Алдағы уақытта тәртібін таныстырамыз», - деді министр.