«Болашақ» түлегі туған ауылына 12 млн теңгенің лабораториясын сыйға тартты

None
None
МЕРКІ. ҚазАқпарат – Меркі ауданында «Жомарт түлек» жобасы аясында «Туған жерге туыңды тік» ұстанымын ұстаған жеке кәсіпкер ауыл мектебіне үлкен сый жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәтті ауылдық округінде туған Әбутәліп Мүтәлі өзінің кіндік қаны тамған ауылындағы №13 М.Маметова атындағы орта мектепке құны 12 миллион теңгені құрайтын лабораторияны сыйға тартты.

Кәсібінен нәсібін тапқан ол «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ –та оқып, елге келген соң STEM Academia» компаниясының негізін қалаған. «STEM» әлемдік жүйесі бағдарламалау және құрастыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік сыйлайды. Сонымен қатар бұл жүйе оқушылардың ғылыми-техникалық салаға деген қызығушылықтарын қолдау мақсатында робототехникасын шығармашылық және сыни қолдануға бағыт-бағдар береді.

Әбутәліп Мүтәлінің бастамасымен «1000 ІТ сыныбы –балалар үшін» жобасы қолға алынып, қазірге 500-ге жуық республика аумағындағы мектептер заманауи құрылғылармен жабдықталып отыр. Енді өзінің отбасының атынан «мектептегі балалардың болашағы жарқын болсын» деген мақсатта ауыл мектебінің бір кабинетін толықтай жабдықтап берді.

Өзі қалалық жерде оқығанымен ата-анасы осы Тәтті ауылында туып, қызмет еткен. Кішкентайынан әкесі Мүтәліге «Мен ауылға көмек бергім келеді» деген ниетте өскен бала Әбутәліп өсе келе арманын жүзеге асырды.

ІТ кабинеттің ашылу салтанатында ардагер ұстаздар мен ауыл ақсақалдары ізгі тілек ниеттерін білдіріп, саналы да салиқалы ұрпақ өсірген анасына алғыстарын білдірді. Ал мектеп оқушылары концерттік бағдарлама бойынша өнерлерін ортаға салып, Айбар Райымқұл жергілікті ақын Әбдімомын Қоңқабаевтың жеке кәсіпкерге арнаған арнау өлеңін мәнерлеп оқып берді.


Соңғы жаңалықтар