«Болашақ» түлектері елдің дамуына қандай үлес қосып жүр

АСТАНА. KAZINFORM — «Bolashaq» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Жәнібек Катренов бағдарлама түлектерінің бүгінде қай салаларда қызмет етіп жүргенін айтты.

АСТАНА. KAZINFORM — «Bolashaq» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Жәнібек Катренов бағдарлама түлектерінің бүгінде қай салаларда қызмет етіп жүргенін айтты.
Фото: Жәнібек Катреновтің жеке мұрағатынан

— «Болашақтықтар қайда жүр?» деген сұрақ қоғамда жиі қойылады. Әсіресе халықаралық «Болашақ» бағдарламасына қатысты «түлектер шетелде қалып қояды», «мемлекет қаржысы сыртқа кетіп жатыр» деген пікірлер де айтылып келді. Бағдарлама жүзеге асқан уақыт ішінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарында 13,2 мыңнан астам маман даярланған. Бүгінде 10 922 түлек келісімшарттық міндеттемелерін толық орындаса, еңбекпен өтеу мониторингінде тұрғандардың 98,4 пайызы Қазақстан ішінде еңбек етіп жүр, — деді ол. 

Оның айтуынша, Болашақтықтар тек өз саласында табысқа жетіп қана қоймай, елдің стратегиялық дамуына үлес қосып келеді.

— Инвестиция қайтарымының нақты деңгейін өлшеу оңай емес, бірақ ол жұмсалған қаражаттан кем дегенде ондаған, тіпті жүздеген есе асып түседі. Жаңа өндірістер, жұмыс орындары мен салықтар арқылы экономикаға қосылатын тікелей үлестен бөлек, құтқарылған өмірлер мен жүйелі реформалардың құны баға жетпес жоғары. Мәселен, қазіргі күнделікті өмірімізді онсыз елестету қиын болатын ХҚО сияқты жаңашылдықтарды дәл осы стипендияның алғашқы түлектері енгізген болса, күн тәртібіндегі өзекті жасанды интеллект, цифрландыру жұмыстарының көшбасында кейінгі буын түлектері тұр, — деді Жәнібек Катренов.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда түлектердің қай салаларда немене айналысып жүргені іде атап өтті.

— 45 пайызы жеке сектор мен кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. 25 пайызы мемлекеттік құрылымдарда қызмет етсе, 18 пайызы ұлттық компанияларда еңбек етеді. Қалған 12 пайызы білім, ғылым және медицина саласында жұмыс істейді. Соңғы 25 жыл ішінде «Bolashaq» түлектер Қауымдастығы білім беру, әлеуметтік қолдау, жастар саясаты, кәсіпкерлік және мәдениет бағыттарында 150-ден астам жобаны жүзеге асырды. Қауымдастық гранттары арқылы 25 жаңа кәсіпорын ашылды. Бүгінде Қауымдастық қатарында 3 мыңға жуық мүше бар, — деді Кеңес төрағасы.

Сонымен қатар кеңес төрағасы болашақтықтардың бастамасымен Disney және Hollywood студияларының мультфильмдері алғаш рет қазақ тіліне дубляждалып, еліміздің 26 қаласында инклюзивті білім беруді қолдайтын 71 арнайы кабинет ашылғанын атап өтті.