«Болашақ» түлектері мен шетелдік студенттер Республика күніне орай флешмоб бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Республика күніне орай шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттер мерекелік бейнеқұттықтаулар жариялап жатыр. Олар осылайша елге деген құрметін білдіріп, отандастарын ұлттық мерекемен құттықтауда.
АҚШ-тағы Беркли университетінің қоғамдық денсаулық сақтау магистратурасының студенті, анестезиолог-реаниматолог, медицина докторы, жүрек-қан тамырлары хирургиясындағы анестезиология бойынша сарапшы Айман Исакова егемендік декларациясы қазақстандықтарға әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
— Тәуелсіздік — арманға жол ашқан еркіндік. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Егемендік декларациясы — тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы маңызды тарихи белес. Содан бері талай нәрсе өзгерді. Жаңа мүмкіндіктер ашылды, жаңа армандар пайда болды. Қазір біз әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік алып отырмыз. Бір кездері алыстағы арман болып көрінген дүниелер бүгін өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Тәуелсіздік — тек өткеніміздің жетістігі емес, бүгінгі таңдауымыз бен ертеңгі жауапкершілігіміз. Республика күні құтты болсын! — деп жазды Айман Исакова Instagram-дағы парақшасында.
Алуа Ерланқызы Гарвард университетінде қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша Болашақ бағдарламасының стипендианты ретінде білім алып жатыр. Ол да еліне деген құттықтауын жеткізді.
— Бүгін баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің егемендігі мәңгі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! — деді ол.
Құттықтау жолдап жатқандар арасында шетелдік студенттер де бар.
Айта кетейік, бұған дейін Республика мен Тәуелсіздік күндерінің айырмашылығы неде екенін жазған едік.