«Болашақ» түлектері бірігіп, Үкіметке нақты ұсыныстар жасай алады
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасының түлектері сала-сала бойынша бірігіп, ел Үкіметіне нақты ұсыныспен шыға алады.
Бүгін Астанада Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының II слетінде Ұлттық технологиялық даму агенттігі төрағасының орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жұматай Сәлімов осылай айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, Қазақстанға қайта оралған инженер-техник мамандар бар. Олардың саны 2,5 мыңнан асады. «Бұның өзі инженер-техниктердің үлкен армиясы деуге болады. Бірақ ол мамандардың барлығы шашырап жүр. Олар бір сала бойынша білім алса да, бір-бірімен дұрыс араласпайды. Ал ел индустриясына кәсіби сарапшылар жетіспейді. Сондықтан біз «Болашақ» түлектерін біріктіріп, салалық сарапшылар желілерін қалыптастыруды ұсынамыз. Олар құзіретті мемлекеттік органдарға, тіпті Үкіметке де нақты ұсыныстар бере алады», - дейді Ж.Сәлімов.