«Болашақ» түлектері Елбасы белгілеген бағытты жүзеге асыруда барша күш-жігерін салады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашақ» Қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Азамат Божақов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласына қатысты өз пікірімен бөлісті.
«Өткен жылы Елбасы «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспары стратегиялық маңызды құжатты қабылдады. Мемлекет алдында ауқымды мақсат тұр, яғни бұл тұрғыда әлемнің дамыған елдерінің отыздығына ену секілді жүзеге асырылатын мақсат-міндет белгіленді. Тәуелсіздігіміздің бірінші күндерінен бастап, Елбасымыз Қазақстан халқының амандығы мен әл-ауқаты, сондай-ақ экономиканы көтеру секілді басты мақсатты назарда ұстады. Әрине, осы мақсатты шешу үшін ведомстволар мен мекемелерге білікті қызметкерлер және сапалы кадрлық резервті қалыптастыру қажет болды.
Бұл мәселені Мемлекет басшысы 1993 жылы бастау алған «Болашақ» президенттік стипендиясы арқылы шешкен болатын. Оның мақсаты еліміз экономикасының басымдықты секторлары үшін кадрлар мен мамандарды даялау екені баршамызға аян»,-деді ол «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.
Осы орайда Азамат Божақов Президент Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бүгінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері ғылым мен медицина салаларында, сондай-ақ кәсіпкерлікте, мемлекеттік қызметте, жеке және ұлттық компанияларда еңбек етіп жатқандығын атап өтті.
«2015 жылы «Болашақ» қауымдастығы Ұлт жоспарында көрініс тапқан Елбасы белгілеген бағытты жүзеге асыруға негізделген 70-тен астам шара өткізді. Осы орайда біз «Болашақ» президенттік бағдарламасының өкілдері ретінде Қазақстан Президенті мен халқы жүктеген барша жауапкершілікті түсіне және қабылдай отырып, еліміздің әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына енуі бойынша бар күш-жігерімізді саламыз»,-деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы жарияланған болатын. Онда 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғаны атап өтілді.
«Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Бізге тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды. Оның үстіне, олар біздің қазақстандық арманымыз - ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады»,-деп жазды ҚР Президенті мақаласында.