«Болашақ» түлектерін жұмыспен қамтуда қалыптасқан мәселе бар - Б.Қалдаев

Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Самұрық - Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімінде журналистерге сұхбат берген «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Бектұрсын Қалдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Президенттік стипендия иегерлерінің жұмысқа орналаспау оқиғалары көп жағдайда жеке сипатта орын алуда. «Ашығын айту керек, Қазақстанға оралған «Болашақ» түлектерінің көбісі біздегі жалақы деңгейіне қанағаттанбайды. Осыған байланысты олар жұмыс іздеп, көп уақыт жүріп қалады. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің арасында жаппай жұмысыздық орын алуда деуге болмайды», - дейді Б.Қалдаев.
Орталық президенті атап көрсеткендей, биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасын бітіріп келген түлектерді жолдама бойынша жұмысқа орналастыру көзделген.
Айта кетейік, ағымдағы жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде оқып жатқан 128 стипендиант елге оралады.