«Болашақ» тізімінен британдық университеттер шығарылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Британдық бірқатар университет делдал агенттіктермен ынтымақтастығына байланысты «Болашақ» бағдарламасы аясында оқуға болатын ЖОО-лар тізімінен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.
Оның айтуынша, министрлік мұндай жағдайларды анықтау бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алды. Бұл ретте басты назар АҚШ және Ұлыбритания университеттеріне аударылып отыр.
- Біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Белгілі бір университетке оқуға қабылданатындар саны күрт өскенін байқасақ, бұл процеске демеушілік жасап отырған біреудің бар екені бірден айқын болады. АҚШ университеттерімен тиісті келіссөздер жүргіздік. Олардың барлығы кешірім сұрап, ішкі рәсімдерін қайта қарастыруға және тексеру жүргізуге кірісті, — деді министр.
Саясат Нұрбек қазіргі уақытта Ұлыбритания университеттерінде де осыған ұқсас мәселелер көтеріліп жатқанын айтты.
- Жақында мен сол жаққа барып, іссапар аясында британдық университет өкілдерімен келіссөз жүргіздім, – деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тың танымал университеттерінің «Болашақ» тізімінен неліктен алынғанын айтты.