Болашақ ұрпақтың білім-білігін бір арнаға тоғыстыру - басты міндет - «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ Басқарма төрайымы

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Бүгінде балалар Қазақстан тарихын тәуір меңгерген.

Болашақ ұрпақтың білім-білігін бір арнаға тоғыстыру -  басты міндет - «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ Басқарма төрайымы

Олар мәдениетіміз бен экономикамызды жақсы біледі. Ал осылардың барлығын бір арнаға тоғыстыра отырып, «Бұл менің Отаным - Қазақстан» деген мәселені ұғындыра білу біздің алдымыздағы үлкен міндет», -дейді «Назарбаев зияткерлік мектептері» акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова. Бұл туралы ол бүгін акционерлік қоғамның 2010 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысымен таныстыру барысында мәлім етті.

«Біз мұндай ойға «Болашақ» бағдарламасына үміткерлермен тілдесу барысында да көз жеткіздік. Олардан өз Отаның үшін мақтанасың ба деп сұрағанда олардың ойлары шашырай жөнеледі. Өйткені олар өз отандарына қатысты ойларын ұштастыра алмай қиналады. Сондықтан қазір зияткерлік мектептерде «Қазақстан қазіргі әлемде» атты жаңа пән енгізілді»,-деді К.Шәмшидинова.

Сондай-ақ оның айтуынша, статистика әлемнің көптеген елдерінде оқытылатын пән. Ол математикалық, физикалық білімді пайдалануда үлкен көмек болады. «Ал ақпараттық технологияларды меңгермесең, бүгінгі қоғамда өмір сүрудің өзі қиын. Сондықтан бізде барлық пәндерді қамтитын және білім беру саласындағы осындай өзекті мәселелерді қарастыратын бағдарламалар бар», - деді Басқарма төрайымы.