Болашақ үшін, кәсіби мамандар үшін, тыныштық пен тұрақтылық үшін өз дауысымызды беріп жатырмыз - Мемлекеттік хатшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде Парламент Мәжілісінің депутаттары мен жергілікті мәслихатты сайлау басталды. Астана қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында орналасқан №89 сайлау учаскесінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова өз дауысын беріп, таңдау жасады.
«Бүгін - қазақстандықтар үшін аса маңызды әрі жауапты күн. Өйткені елімізде үлкен реформалар басталып жатыр. Ал ол реформаларды жүзеге асыру үшін кәсіби Парламент қажет. Жергілікті жерлерде де өмірдің әл ауқатын дамытатын жақсы мәслихаттар керек. Сондықтан да, біз болашақ үшін, кәсіби мамандар үшін, тыныштық пен тұрақтылық үшін өз дауысымызды береміз», - деді Г. Әбдіқалықова.
Еске салайық, бүгін 20 наурыз күні таңертеңгі сағат 7.00-де елімізде Парламент Мәжілісінің депутаттарына дауыс беру басталды. Сонымен қатар облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарына да дауыс беру басталып отыр. Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін 9840 сайлау учаскесінде дауыс беру өтеді, мұнан бөлек шетелде 65 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
9 791 165 қазақстандық дауыс берушілер тізіміне енгізілген.