Болашақ зейнеткерлердің қалыпты өмірін қамтамасыз ету үшін алда кездесуі мүмкін қиындықтың бәрі бүгін шешілуі тиіс - О. Асанғазы

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Келешекте зейнеткерлердің қалыпты өмірін қамтамасыз ету үшін болашақта кездесуі мүмкін қиындықтың бәрі бүгін шешілуі тиіс.
None
None

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Оразкүл Асанғазы осылай мәлім етті.

Еске салсақ, заң жобасының басты жаңалығы әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру болып табылады. Бұл ретте заң жобасында қамтылғандай зейнеткерлік жасты көтеру 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, біртіндеп 10 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделеді. Сөйтіп, 2023 жылдан бастап әйелдер мен ерлер үшін зейнеткерлік жас 63-ке теңеседі.

«Үкімет ұсынған заң жобасын әбден талқылап, бүгінімізді, болашағымызды жан-жақты сарапқа салғаннан соң, бұл заң жобасының қажеттілігіне көз жетті. Оны кездесулерде халыққа да айтып, барынша түсіндіруге тырыстық. Парламентте халық атынан отырғандықтан, жұртшылықтың жоғын жоқтап, мұңын айту парыз», деді депутат О. Асанғазы.

Сонымен қатар, ол заң жобасын қолдайтындығын айта келе, келешекте зейнеткерлердің қалыпты өмірін қамтамасыз етуге сенімді болуы үшін болашақта кездесуі мүмкін қиындықтың бәрі бүгін шешілуі тиістігін атап өтті. «Бұл үшін заң жобасы қабылданғанда азаматтардың, әсіресе әйелдердің әлеуметтік жағынан қорғалатынын, яғни жұмыспен де, зейнетақымен де қамтылатынына кепілдік болуы керек. Өйткені, 50-ден асқан соң «кәрілер» санатына өтіп, жұмыссыз қалып жатқан әйелдер жеткілікті. Олардың мүддесі қорғалуы керек. Сондықтан да, атқарушы билік сөз жүзінде емес, іс жүзінде әйел азаматтарының әлеуметтік жағынан қорғалып, ертеңгі күні лайықты өмір сүрудің жағдайын жасауы, арнайы бағдарламалар әзірлеуі керек деп ойлаймын», - деді О. Асанғазы.

Соңғы жаңалықтар