«Болашақпен» білім алуға болатын Франция жоғары оқу орындарының тізімі артады – Саясат Нұрбек
Қазақстан жастарының француз елінің жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беретін құжатты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сәкенов, Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс рәсімдеді.
«Қазақстан үшін бұл нарықты жоғалтпауымыз керек. Сондықтан Францияда Болашақпен білім алуға болатын жоғары оқу орындарының тізімін кеңейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда 6 жоғары оқу орны болса, енді тізімді 12-15-ке дейін ұлғайтуымыз қажет. Президентіміздің Францияға ресми сапарында үлкен келісімшарттар рәсімделді. Бізде Францияның Жоғары білім министрлігімен келісімге қол қойдық. Онда «Болашақ» бағдарламасымен білім алу және ғылыми-техникалық тағлымдамаларды күшейту көзделген. Франция технологиялық тұрғыдан ең дамыған елдердің қатарына кіреді. Биотехнология, биомедицина, ғарыш, әуе көлігі саласындағы мықты зертханалары бар. Яғни, Еуропаның ең мықты технологиялық мемлекеттерінің қатарына кіреді. Сондықтан франуз зертханаларымен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланысты дамытқымыз келеді. Биыл қарашада үлкен делегация келеді және қазақ-француз бірінші жоғары білім конференциясын өткіземіз», - деді меморандумға қол қою рәсімінен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ал Франция Елшісі Дидье Канесс ағылшын тілімен бәсекелес бола алмаса да француз тілінің болашағы зор екендігін айтады.
«Франция өзінің жоғары оқу орындарының жоғары деңгейімен танымал әрі мақтан тұтады. Францияның тағы бір басымдылығы – білім алудың қолжетімділігі. Бізде француз студенттері үшін, сонымен қатар Еуропалық одақ елдері жастары үшін мемлекеттік жоғары оқу орындарында тегін білім беру ұстанымы бар. Қалғандары оқудың үштен бір бөлігін төлейді. Мәселен, бір жылдық оқуға 3 мың еуро жұмсалады. Осы орайда француз тілі болашақ тілі екендігін айрықша айтқым келеді. Бірақ, ол ағылшын тіліне бәсекелес бола алмайды», - деді Елші.