Болашақта атқаратын жұмысымыз төңірегімізде болып жатқан өзгерістерге сай болуы тиіс - Н Назарбаев
АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Болашақта атқаратын жұмысымыз төңірегімізде болып жатқан өзгерістерге сай болуы тиіс. Бүгін 5-ші шақырылған Парламенттің екінші сессиясын ашу барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
Өз сөзінде Елбасы Қазақстан ешқашан жаһандық даму үрдісіндегі қиындықтарды назардан тыс қалдыра алмайтынын айтты. Сонымен қатар, Президент әлемдік экономика тоқырау мен тұралаудан әлі де арыла алмағанын, тіпті ең оптимистік сараптамалардың өзінде әлемдік жалпы өнім биыл - 2,5, 2013 жылы - 3-тен сәл артық пайызға өседі деп болжануда екендігін алға тартты.
«Еуропаның дербес қарыз дағдарысының шиеленісу қаупі әлі де сейілген жоқ. Таяу Шығыстағы саяси дағдарыс бұдан бұрынғыдай, күллі дүние жүзіне өзінің зардабын тигізуі мүмкін. Барлығымызға осындай күрделі жағдайда жұмыс істеп, аса жауапты шешімдер қабылдауға тура келеді. Болашақта атқаратын жұмысымыз, төңірегімізде болып жатқан өзгерістерге сай болуы тиіс керек. Оның ішінде экономикада да, білімде де, саяси жағдайда да, әлеуметтік жағдайда да өзгерістерге сай болуы шарт», - деді Мемлекет басшысы.