Болашақта Қазақстанда қылмыс жасап, елден қашқан қылмыскерлер Еуропада жасырына алмайды - ҚР Бас прокуроры
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгiн ҚР Бас прокуратурасында Елбасы тапсырмасымен Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасында қылмыстық iстер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келiсiмшарт жасалды. Аталған келiсiмге қол қою мақсатында Чех Республикасының Әдiлет министрi Павел Блажек Қазақстанға арнайы iс-сапармен келдi.
"Бұл құжат бiздiң елдердiң құқық қорғау органдары арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар бiз Чехия тарапымен бiрге сотталған тұлғаларды экстрадициялау жөнiндегi келiсiмдерге қол қою бойынша дайындық шараларын аяқтадық", - деп атап өттi ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев шара барысында.
ҚР Бас прокурорының айтуынша, бүгiнгi келiсiм Қазақстанда қылмыс жасап, Чехияда жасырынып жүрген қылмыскерлердi ұстауға және аталмыш еуропалық елге сапармен барған қазақстандықтарды құқықтық қамқорлыққа алуға жол ашады.
Оның сөзiне қарағанда, бүгiнгi таңда Қазақстан бұл бағытта Еуропаның бiрқатар елдерiмен тығыз әрiптестiк орнатқан. Мәселен биыл Қазақстан қылмыстық-құқықтық салада Испания Корольдiгiмен бiрге халықаралық келiсiмшарттың толық пакетiне қол қойды.
"Өзара көмек қағидаттарының арқасында Швеция, Португалия, Румыния, Болгария сынды елдерден қылмыскерлер Қазақстанға экстрадицияланды. Осындай халықаралық келiсiмдердiң жасалуы Еуропа елдерiнiң Қазақстанның құқық қорғау органдарына деген сенiмдiлiгінiң артып келе жатқандығын байқатады", - дедi А.Дауылбаев.
ҚР Бас прокурорының атап көрсетуiнше, Еуропалық одақ елдерiмен қарым-қатынас бiршама деңгейге көтерiлмек. "Осы сынды келiсiмдер Италия, Германия, Болгария, Грекия, Словакия және өзге де елдермен жасау жөнiнде уағдаластықтар нақты бекiтiлiп отыр. Бұдан былай Қазақстанда қылмыс жасап, елден қашқан қылмыскерлердi Еуропада жасырына алмайтындай етудi мақсат етiп отырмыз", - деп түсiндiрдi А.Дауылбаев.