Болашақта көрермендер теледидардан театр қойылымдарын да тамашалай алады ? М.Құл-Мұхаммед
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздегі опера және балет театрларының қойылымдарын таспаға түсіріп алып, телеарналардан көрсетпек.
Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед министрліктің алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінде Астанадағы театрларға бар болғаны 400-500 ғана адам келеді. Ал Алматыдағы театрларға 600-700 адам барады. Опера алғаш пайда болған XVII ғасырдан бастап, бүгінге дейін тек қоғамдағы элиталық топтардың ғана шығармасы болып келді. Оның себебі театрлар үлкен қалаларда орналасқан және театрға бару үшін сол заманда да қазіргі уақытта да қалта қалың болуы керек.Сол себепті біз көрерменге қазақ операсының мүмкіндігін жеткізе алмай жатырмыз. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін ұлттық телеарналарымыз «Қазақстан» мен «Хабарға» арнайы тапсырма беріп, Қазақстандағы опера және балет театрларының бүкіл репертуарын осы заманғы сандық таспаға түсіруді көздеп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып кетті», - деді министр. Министрдің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта еліміздегі телеарналардан қайталап көрсетіле беретін айтыстар мен әзіл-сықақ бағдарламалардың орнына театр қойылымдары ұсынылатын болады.