Болашақта шаһарлардың дербестігі арта түседі - сингапурлық ғалым

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Болашақта шаһарлардың дербестігі арта түседі. Бұл туралы Астана экономикалық форумы барысында қалалардың дамуы тақырыбына арналған сессия жұмысында Сингапур мемлекеттік басқару мектебінің ғылыми қызметкері, саясаттанушы Параг Ханна мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болашақта шаһарлардың дербестігі арта түседі - сингапурлық ғалым

«2050 жылға дейін Жер бетіндегі халық саны 10 млрд адамға жетуі мүмкін. Осы орайда қалалардың құрылысын қалай жүргіземіз деген сауал туындайды. Егер де қалаларға қарай жаппай көші-қон үрдісіне қарасақ, онда теңестеру, үйлестіру шараларын бастауға назар аудару ұажеттігі байқалады. Атап айтқанда, қай қала дамытылады, ресурстарды қайда бағыттаймыз, осы қалалар қаншалықты жылдам өседі деген мәселелерді тыңғылықты пысықтауымыз керек. Тағы бір үрдіске тоқталсақ, қалалар өздерін-өзі басқаратын болады, шаһарлардың автономиясы көбірек байқалады. Негізі, қалалар өздерінде биліктің көбірек болғанын, өздерінің ресурстарын қадағалауда мол мүмкіндік алуға ниетті», - деді П. Ханна.

Оның пайымынша, «ақылды қала» немесе «болашақ қаласы» мәртебесіне ие болуы үшін жеке сектор елеулі рөл атқарады. Ол үшін «Google» секілді компаниялар керек.

«Қалалар зейнеткерлер үшін қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан бізге баға жағынан қолжетімді тұрғын үй нысандарын құрып, осы шаһарларда адамдардың жұмыс істеуі мен еңбек өнімділігіне назар аударған жөн. Әрине, бұл бағытта қалалардың көпшілігінде атқарылған жұмыстар нәтижелі болмайтыны анық. Дегенмен де бізде қаланың дамуындағы жақсы тәжірибелер де аз емес. Мәселен, Астана секілді қалалар бастапқыда шағын ғана шаһар еді, кейіннен қарқынды түрде өсе бастады», - Параг Ханна.