Болашақта тұрғындар үйлерінен шықпай-ақ сот құжаттарымен таныса алатын болады
«Іске қосылғалы отырған жобалар азаматтардың сот ақпаратына қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жүзеге асатын ақпараттық қызметтердің арқасында тұрғындар өз үйлерінен шықпай-ақ интернетті қолдану арқылы сот құжаттарымен таныса алады», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, жаңа электрондық жобалардың іске қосылуы пошталық шығынға жұмсалатын бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Статистикалық деректер бойынша, республика соттары 2012 жылы - 580 105 талап-арыз, 2013 жылы - 643 683 өтініш қабылдаса, 2014 жылдың 5 айында 282 мыңнан астам арыз қабылдаған. Әрбір арыз бойынша жолданатын пошталық хабарландырулар біршама қаржы талап етеді.
«Сот құжаттарымен танысу» сервисі логин, пароль, ЖСН-ді енгізу арқылы электронды сот құжаттарын көруге арналған. Логин мен парольді сот үдерісіне қатысушы азамат өзінің ұялы телефонына немесе электронды поштасына келіп түскен электронды хабарлама арқылы біле алады», - деп түсіндірді І. Испанов.
Департамент басшысының айтуынша, жолданған өтініші тіркелгеннен кейін азаматтар оның тіркелгені туралы талон мен электронды хабарламалар туралы келісімге ие болады. Сот процесіне қатысушы өзге тараптарға да сот тыңдалымы туралы талон жолданады.
«Сосын жедел ақпараттандыру мақсатында сот процесіне қатысушыларға судьяның электронды-цифрлық қолтаңбасы қойылған сот актілерінің шыққаны туралы SMS жіберіледі. Сервистегі электронды сот құжаттарын көруге, сақтауға және жүктеп алуға болады», - деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, сот отырысы хаттамасының сапасын арттыру мақсатында барлық соттарда сот процесін аудиобейнетіркеу (АБТ) жүйесі енгізілуде. Қазіргі технологиялар негізінде сот процестерін электрондық хаттама түсіруге мүмкіндік беретін жүйе өз кезегінде «Сот кабинеті» арқылы сот процесіне қатысушыларға қолжетімді болып табылады.
«АБТ шеңберінде шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сот залдарын бейнеконференц жүйесімен жабдықтау арқылы сот төрелігін қашықтықтан жүзеге асыру мүмкіндігі артады. Осы жобаның іске асуы қылмыстық атқару жүйесін сотталушыны алып жүру жүктемесінен босатуға, ал сотталушының бейнеконференц арқылы ұсталған жерінде айғақ беруіне мүмкіндік береді», - деді І. Испанов.