Болашақта «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жеткім келеді– Заңғар Нұрланұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 13 жастағы Заңғар Нұрланұлы – Қазақстанның болашағынан үлкен үміт күттіретін жас жұлдыздарының бірі. Қазіргі кезде Заңғар Tennis Europe (ТЕ) жасөспірімдер рейтингісінде көш бастап келеді. Жекелей сында Еуропадағы бес бірдей турнирде жеңімпаз атанған жас теннисші ҚазАқпарат тілшісіне балалық шағы, теннистегі жолы туралы әңгімелеп берді.

-Заңғар, тенниске қалай келдің?

-Мен Алматыда өмір есігін аштым. Төрт жасымнан тенниспен айналыса бастадым. Біздің мектептің ауласы мен спорт залда ағаштан жасалған корттар болды. Бастапқыда әкем мені үйретіп, теннисші болуымның негізін қалады.

-Күні бүгін Словакиядағы белгілі теннисші Доминика Цыбулкованың академиясында жаттығудасың. Еуропалық әдістеменің Қазақстандағыдан айырмашылығы бар ма?

-Иә, Доминика академиясындағы жаттығу базасына аптасына екі рет барып, шеберлігімді ұштаймын. Қалған уақытта жарыстарда жүремін. Еуропада ТЕ сериясы бойынша өтетін турнирлер көп. Сайысқа түскенді ұнатамын. Қандай ерекшелігі бар дегенге келсек, пәлендей өзгешелікті байқамадым. Теннис корттары да барлық жерде бірдей. Тек дұрыс жұмыс жасау қажет, қазақстандық мектептің түлегі екенімді ұмытпаймын.

-Қазірдің өзінде ТЕ сериясы бойынша жекелей сында бес турнирді ұтып алдың. 2021 жылдың ортасында 14 жасқа дейінгілер арасында Еуропа рейтингісінде 150-орында едің. Міне, енді жалпы есепте төртінші, чемпиондық кестеде бірінші орында келесің. Мұның сыры қандай?

-2020 жылы Еуропа рейтингісінде 500-сатыда едім, бір жылдан кейін 150-орынға көтерілдім, қазір үздік бестіктемін. Еуропа турнирлерін ұйымдастырушылар тек өз ойыншыларына арнайы шақырту жібереді. Сондықтан негізгі додаға өту үшін іріктеу сайыстарына қатысуға тура келетін. Көбірек ұпай жинап, жеңіс тұғырына көтерілу оңайға түскен жоқ. Мұның бәрі күш-жігер, табандылық, еңбек пен тәртіптің жемісі дер едім.

-Жарыстарда өзіңмен бірге кім жүреді?

-Әкем! Ол әр уақытта жанымда. Бапкер де, жүргізуші де, менеджер де, психолог та, жігерлендіруші де әкем. 2022 жылдың басынан бері мені Қазақстан теннис федерациясы, оның президенті Болат Өтемұратов қолдап келеді. Ол кісі турнирлердегі табыстарымнан соң қоңырау шалып, құттықтайды. Федерация президентінің қолдауы нәтижесінде Қазақстанда барлық өңірлерде теннис дамып келеді. 12, 14, 16 және 18 жастағы теннисшілер де мұны сезінуде.

Әкемнің қасымда болуы маған көп көмектеседі. Біз бір-бірімізді айтпай-ақ түсінеміз.

-Қандай төсеніштегі кортта жақсы ойнайсың?

-Хардта да, топырақ төсенішінде де бірдей ойнаймын.

-Инстаграм желісінде белсендісің. Бұл не береді, өз аудиорияңмен пікірлескен ұнай ма?

-Бұрын белсенді болдым, кейінгі кезде аптасына бір-ақ рет кіремін. Көпшілігі ақыл-кеңес сұрайды, жауапсыз қалдыру ыңғайсыз, барынша жауап қайтаруға тырысамын. Шынын айтсам, оған уақыт та жоқ. Жаттығу мен жарыстан басқа оқуым бар, шахмат та ойнаймын.

-Сенің парақшаңа Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мен оның бапкері Стефано жазылған. Олармен байланыс ұстап тұрасың ба, ойынды жақсарта түсу үшін ақыл-кеңестерін айта ма?

-Елена мен Стефано – жақсы команда. Олардың табыстарына үнемі қуанып отырамын. Стефано – тамаша бапкер, әрқашан білгенін айтып отырады, сол үшін алғысымды айтамын.

-Сәуір айында Үндістанда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу жарысы өтеді. Оған дайынсың ба?

-Ел намысын қорғау – үлкен құрмет, сонымен бірге жауапкершілік жүгі ауыр. Кортқа шыққан соң, намысты қолдан бермеу керек. Мен өз елімнің патриотымын, Қазақ елін шексіз жақсы көремін. Әлем чемпионатымен тең саналатын «Үлкен дулыға» турнирін ұту – арманым. Теннистің арқасында елімнің атын бүкіл әлемге жайғым келеді.

-Заңғар, әңгімеңе рахмет, спорттық жолыңда тек табыс тілейміз.


Соңғы жаңалықтар