Болашақта жылына 5 миллион турист қабылдауды жоспарлап отырмыз – Түркістан әкімінің орынбасары

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов түрік және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығының (ТУКИБ) бас хатшысы Анзор Гусейновпен кездесті.

Болашақта жылына 5 миллион турист қабылдауды жоспарлап отырмыз – Түркістан әкімінің орынбасары

Тараптар өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мен түрік және қазақстандық кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстар мен ынтымақтастықты ынталандыру мәселелерін сөз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда сондай-ақ екі ел арасындағы әлеуметтік-мәдени байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

«Барлық жұмыстар Түркістан қаласын дамытудың 2050 жылға дейінгі кешенді Бас жоспарына сәйкес жүргізілуде. Қала тарихи және туристік орталыққа айналады. Болашақта жылына 5 миллион адамды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Түркістан облысында Түркиямен бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырылды және болашақта агроөнеркәсіп кешенін және өңдеу саласында олардың санын арттыру қолға алынады», - деді Рашид Аюпов.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары қонақты Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, Түркия кәсіпкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.