Болашақтықтар ағымдағы жылды қорытындылап, 2015 жылғы жоспарларын саралады – Конференция

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 28-29 қарашасында «Болашақ» қауымдастығы Астанада Қауымдастық Кеңесінің Төрағасы Бауыржан Байбектің қатысуымен «Болашақ: іске асыру әлеуеті» атты конференция өткізді.

 Болашақтықтар ағымдағы жылды қорытындылап, 2015 жылғы жоспарларын саралады – Конференция

Конференция барысында аталған ұйымның ағымдағы жылдағы қызметінің қорытындысы, 2015 жылғы жоспары талқыланды, Қауымдастықтың ревизиялық комиссиясының жаңа құрамы сайланды, Кеңестің шешімімен жаңа мүшелері қабылданды.

Конференция қатысушыларына арнап «Болашақ» қауымдастығының Төрағасы Бауыржан Байбек сөз сөйледі.

2014 жылы іске асырылған жобалар туралы бірлестіктің атқарушы директоры Ермек Мақашев әңгімелеп берді.

Конференция барысында болашақтықтардың Елбасының «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық бағытын қолдау туралы үндеуі қабылданды. Қауымдастық мүшелері барлық қазақстандықтармен бірге Елбасы бастамаларын іске асыруға үлестерін қосатындықтарын мәлімдеді.

Конференцияға 300 -ден астам болашақтықтар қатысты. Олар Қауымдастықтың жұмыс шараларының жоспарына өз ұсыныстарын енгізді, идея алмасты, өз жұмыстары, келешектегі жоспарлары туралы әңгімелеп берді.

«Мен үшін «Болашақ» бағдарламасы үлкен өмірлік тәжірибеге айналды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ашқан бағдарламаның арқасында өз қызметімнің саласында мол білім алдым. Бүгін Қазақстанға оралған менде өз жұмысымда іске асырғым келетін идеялар пайда болды», - деген ойымен бөлісті бағдарламаның түлегі Меруерт Құмарова.

Республикалық конференция шеңберінде бағдарлама түлектеріне арналған көздеген мақсаты жас мамандарды таныстыру мен өзара қарым-қатынас орнату, шетелде алған білімі мен тәжірибесімен алмасу болып табылатын нетворкинг ивент өткізілді. Конференцияның өтуіне ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетті, деп хабарлады «Болашақ» қауымдастығынан.