Болашақтықтар референдумды қолдайды!

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Астана қаласында «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің жалпы жиналысы өткізілді. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттары Қауымдастығының «Қазақстан-2020» Жалпыхалықтық демократиялық коалициясына қосылуы жайлы шешім қабылданып, үндеу мәтіні дайындалды.

Болашақтықтар референдумды қолдайды!

ҚазАқпарат осынау Үндеудің мәтінін назарларыңызға ұсынады.

Болашақтықтар референдумды қолдайды!

Алғашқы түлектері тарапынан құрылған «Болашақ» стипендиаттарының Қауымдастығы 10 жылдан бері өзінің бүкіл қызметінде жастарды елдің орнықты дамуы жолында біріктіре отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сара реформаларына қалтқысыз қолдау білдіріп келеді.

Президенттік бағдарламаның нәтижесінде мыңдаған қазақстандық студенттер озық шетелдік университеттерде білім алып қана қоймайды, сонымен қатар жаңа әлеммен етене таныс бола түседі, өз еліне өзге мәдениеттер мен құндылықтар тұрғысынан қарау мүмкіндігіне ие болады.

Даму жолында қарышты секіріс жасаған мемлекеттердің тәжірибесі жеке тұлғаның тағдырлы рөл атқара алатынын дәлелдейді. Конрад Аденауэр, Ли Куан Ю, Франклин Рузвельт, Кемал Ататүрік, Шарль де Голль, Мохамад Махатхир сияқты заманынан озып туған көреген-кемеңгер, айрықша қажырлы және табанды көшбасшылар өз халықтарын тұрақты дамуға, өсіп-өркендеуге және бақуатты тұрмысқа жеткізді.

Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Туын бұрын-соңды болмаған биікке көтеріп, миллиондаған қазақстандықтың жүрегіне келешекке деген нық сенім ұялатып, әлем тарихындағы көрнекті тұлғаға айналғанын мақтаныш етеміз.

Тәуелсіздігіміздің небары 20 жылында біздің Президентіміз Қазақстанды елеусіз елден әлемдік қауымдастықтың зор құрметіне бөленген қуатты мемлекетке айналдырды. Бүгінгідей барынша дамыған елдердің қатарына енуге нақты тарихи мүмкіндік туып тұрған шақта біздің баршамыз орасан зор саяси тәжірибеге, халықтың жоғары сеніміне және үлкен халықаралық беделге ие Елбасының төңірегіне топтасуымыз керек.

Сондықтан «Болашақ» Қауымдастығы өткен сенбідегі ашық жиынында «Қазақстан - 2020» жалпыхалықтық коалициясына қосылуға және жастарды Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасын қолдап, тұрақтылық пен өсіп-өркендеу үшін саналы таңдау жасауға шақыру туралы шешім қабылдады, делінген Үндеуде.