«Болашақтың» болашағы бар ма?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Әкім есеп берді. Ел не деді?» деген тақырыппен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің, Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовтың және Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннің халықпен өткізген есеп беру кездесулеріне арналған мақалалар сериясы жарық көрді.
Осы басылымның бүгінгі санында «Болашақтың» болашағы бар ма?» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға Парламент Мәжілісініңкешегі жалпы отырысында депутат Сағынбек Тұрсынов көтерген тақырып арқау болған. Депутаттың сзінше, «Болашақ» бағдарламасы бойынша елге оралған жастардың жұмыс табуы түйінді мәселеге айналып барады. Ресми ақпараттарға қарағанда, мемлекеттік қызметте немесе ұлттық компанияларда ғана емес, жай жұмыс таба алмай жүргендердің саны 400-ден асады екен. Кейбір дереккөздерде ол 600 адамды құрайды деп жазылыпты. 1994 жылдан бергі бітірген 2788 түлектің қаншасы Қазақстанда қызмет етіп жатыр, қаншасы шет елдерде қалды немесе қайта шетел асты, деп сұрайды депутат. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2010 жылы 1259 адам бітірді. 2011 жылы бұл көрсеткіш 1058 адамды құрауы мүмкін. Түлектердің жұмыс таба алмауының нақты себебі неде?», - делінген мақалада осы сауалға жауап ізделінеді.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында Президентікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі, Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Шерубай Құрманбайұлынан алынған сұхбат басылды. Тақырыбы «Біз үміткердің көз алдында отырып, оның білім деңгейін айқындадық» деп аталады. «Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруін қатаң қадағалау - биылғы саяси доданың басты жаңалығы. Қазірдің өзінде мемлекеттік тіл сынағынан сүрініп, сайлау алаңынан ысырылып қалғандар бар. Мұндай талапты күшейтуде қандай сыр бар?», - деп басталатын мақалада Президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптармен жан-жақты таныса аласыздар.
Сондай-ақ «Айқын» газетінде «Тәуелсіздік тойы Қазақ елінің қарышты қадамын паш етеді» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тойы «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деген ұранмен өткізілетініне орай, кеше Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысын өткізгендігі баяндпалады «Қанат Саудабаевтың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес, Азаттығымыздың жиырма жылдығына арналған іс-шараларды өңірлік және республикалық деңгейде дайындап, өткізудің нақты міндеттері айқындалып болыпты. Бұл ретте тәуелсіздік мерейтойын өткізуге басшылық жасайтын мемлекеттік комиссия төрт жұмыс тобын құрған»,- делінген мақалада.
«Алаш айнасы» басылымы «Жас мамандар азайып, қас мамандар қартайып барады» деген мақала басып, онда елілімзе дәрігер мамандардың тапшы екендігіне қоғам назарын аударады. «Елімізде бүгінде дәрігер жетіспей жатыр. Алматыға - 200, Сыр өңіріне 500, Батыс Қазақстанға - 362 шамасында маман дәрігерлер қажет көрінеді. Медициналық орындары маман даярламай жатқан жоқ емес, даярлап жатыр. Әңгіме - сол маманға тиісті жағдайдың жасалмай тұрғандығында болып тұр», - делінген мақалада.
Орталық сайлау комиссиясы Мұсағали Дуамбековты Президенттікке кандидат ретінде Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес деп тапты. Бұл туралы мәліметті бүгінгі нөмірінде «Казахстанская правда» газеті жариялап отыр. «Мұсағали Дуамбеков Конституцияның қазақ тілін меңгергендігі жөніндегі қағидаттарына сай деп танылды»,-делінген аталмыш басылымның мақаласында. Мақалада айтылғанындай, Орталық сайлау комиссиясы қабылдаған сайлау үдерістерінің мерзімін қысқарту жөніндегі шешіміне сәйкес, М.Дуамбековке екі күннің ішінде 5 мың дана қол қою парақтары беріледі.
Ал «Экспресс-К» басылымы бүгінгі санында ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысу үшін Амантай-қажы Асылбектің өтінішін қабылдағандығы жөнінде мақала жариялады. «Ты скажи мне, Кажы» тақырыппен басылған мақалада лингвистикалық комиссия Амантай-қажының мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын сынақтан - ағымдағы жылдың 12 ақпанда өтетіндігін жазады.