Болат Ақшолақов «газ одағына» қатысты мәселеге түсінік берді
«Бұл жерде әңгіме арнайы газ одағын құру туралы болып тұрған жоқ. Қазақстан бұрыннан Ресей Федерациясы бағытында газ жеткізу бойынша транзитор болып келді. Бүгінде Өзбекстанның қажеттілігі үшін газ транзиті айналымы мүмкіндігін талқылаудамыз. Өзбекстан бағыты біздің ел үшін де маңызды», - деп түсіндірді Болат Ақшолақов.
Министрдің түсіндіруінше, мемлекетаралық екі жақты және үш жақты келісім өзара тиімді іс-қимылға негізделген.
«Аталған келіссөздер Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның газ тасымалдау қуатын бірлесіп қалай пайдалануға болатынын түсіну үшін техникалық түрде жүргізіліп жатыр. Яғни, газ тарту және тасымалдау үшін», - ведомство басшысы.
Еске салсақ, былтыр қарашада Қазақстан мен Ресей президенттері Кремльде «үштік газ одағын» құру мәселесін талқылаған болатын.
«Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмысын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін «үштік газ одағын» құру мәселесі қарастырылғанын атап өткен жөн», - деп жазған еді Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Президенттің Мәскеуге сапары барысына түсінік бере отырып.