Болат Бақауов дарынды балаларға смартфондар сыйға тартты

Салтанатты кешке 2016-2017 оқу жылындағы халықаралық, республикалық олимпиадаларының 59 жеңімпазы мен жүлдегері және оларды дайындаған ұстаздары қатысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Егеменді еліміздің өздеріңдей дарынды жастарымен жүздесу мен үшін үлкен қуаныш», - деген өңір басшысы жас өрендерді құттықтады. - Халқымыз «Дарындының жолы - даңғыл» деп бекер айтпаған. Үздік білім мен тәлім-тәрбие ғана биік белестерге жеткізеді. Сондықтан сіздердің міндеттеріңіз - бәсекеге қабілетті болу. Облыста жас ұрпақтың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күні өсемін деген жас талантқа жол ашық. Дарынды жастар - еліміздің жарқын болашағы. Білім мен ғылымның инновациялық индустриясы - Қазақстанның стратегиялық ресурсы. Еліміздің әл-ауқатын арттыру, жаңа ғылыми жаңалықтарды ашу, елімізде бейбітішілік пен келісімді сақтау сіздерге жүктеледі. Бүгінгі жастарды осындай деңгейге жеткізген мектеп басшылары мен педагогтарға жоғары кәсібилігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі үшін және зор үміт артып отырған ата-аналар қауымына алғыс білдіремін», - деді өңір басшысы.
Бағалы сыйлықтармен марапатталған жастардың ішінде XII Жәутіков халықаралық олимпиадасының алтын медаль иегері, XVI «Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадасының күміс медаль иегері, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің оқушысы Мохаммед-Әли Әмір, 51-халықаралық Менделеев олимпиадасының күміс медаль иегері, А. Бектұров атындағы ІІІ халықаралық химия олимпиадасының алтын медаль иегері, ұлдарға арналған «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Темірлан Рахымов және басқалары бар. Бұдан басқа, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбарам Наурызбаева білім саласындағы жоғары жетістігі үшін 15 ұстазға Алтай өлкесінің Белокуриха шипажайына жолдама табыс етті. - Биыл пәндер олимпиадасында география пәнінен екінші орын, былтыр облыстық пән олимпиадасында бірінші орынды иеленген болатынмын. Болашақта Назарбаев Университетінде экономист мамандығы бойынша білім алуды армандаймын. Оқу үздігімін. Осындай биік белеске жетелеп, бағыт сілтеген ұстаздарым Әсел Қамалиденқызы мен Лаура Сартайқызына алғысым зор, - дейді «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 10-сынып оқушысы Рахат Қатбек. Өз кезегінде жылдағы дәстүр бойынша дарынды балаларға арналған № 3 гимназияның 11-сынып оқушысы Шерали Разиков жастардың атынан аймақ басшысына «Дарын» атты кітап сыйға тартты.
Еске сала кетейік, республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Павлодар облысының құрама командасы бірінші жалпы командалық орынға ие болып, «Ең үздік олимпиадалық команда-2017» сертификатымен марапатталған. Команда қоржыны 55 медальмен толықты. Оның ішінде жетеуі - алтын, 15-і - күміс және 33-і - қола.