Болат Бақауов Павлодар облысының демографиялық жағдайын зерттеуді тапсырды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Болат Бақауов өңірдегі демографиялық жағдайға ерекше тоқталып өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
None
None

«Бізде жаңа туған балалардың саны неліктен азайып жатқанын зерттеуіміз керек, Өңірде көптеген аурулар бойынша, оның ішінде онкологиялық ауруларға қатысты жағдай неліктен күрделі? Осы орайда экологиялық ахуалға кінә таға бермеуіміз керек. Сондықтан осы айтылған күрделі мәселелерді бірлесе шешіп, нақты нәтижені көздеуіміз қажет», - дейді Болат Бақауов.

Аймақ басшысы 2019 жылы халық қалаулыларының өңірдің тыныс-тіршілігін жіті назарда ұстау қажеттілігін атап өтіп, тұрғындардың алаңдаушылық білдіретін мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

«Облыс бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны азаюда. Барлық басқармаларға бизнесті қолдауды тапсырудамыз. Бұл жерде «Атамекеннің» де қосар үлесі зор болуы керек», - дейді Болат Бақауов.

Отырыс барысында «Ромат» фармацевтикалық компаниясына қатысты мәселе де назардан тыс қалмады.

«Кезінде Қазақстанның 50 пайыз нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен компанияның жағдайына не болғанын білесіздер. Мәселелерді өтіп кеткеннен кейін емес, олардың алдын-алып уақтылы шешуге тырысу керек. Осы орайда барлықтарыңызды белсенділікке шақырамын», - дейді Болат Бақауов.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында соңғы 10 жыл ішінде ауыл тұрғындарының саны 34 мыңға азайған. Осы уақыт ішінде елден қалаға көшкен халық саны екі аудан халқының санымен пара-пар. Қазіргі кезде облыста ауылда тұратын халық үлесі небары 30%. Қазақстанда бұл көрсеткіш 42%-дан артық.

Соңғы жаңалықтар