Болат Жәмішев: Астана маңында 600-ден астам қолданылмай отырған жер учаскелері бар

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жер учаскелерін түгендеу кезінде жалпы көлемі 14,4 мың гектарға тең 645 жер учаскесі анықталды. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

Болат Жәмішев: Астана маңында 600-ден астам қолданылмай отырған жер учаскелері бар

Оның мәліметтері бойынша, осының ішінде 203 ауылшаруашылық (12,7 мың га), 442 - коммерциялық нысандарды (1,7 мың га) салуға арналған жерлер.

«Мемлекеттік меншікке жалпы көлемі 6,9 мың га болатын 188 жер учаскесі қайтарылды. Сотта 2,9 мың га-ға тең тағы 58 учаскені мемлекетке қайтару туралы арыздар қаралып жатыр», - деп атап өтті министр.

Оның хабарлауынша, аталмыш бағыттағы жұмыстар келешекте қарқынды түрде атқарыла бермек.

«Құқықтық сипаттағы кейбір қиындықтар бар. Дегенмен Парламент қабырғасында талқыланып жатқан жер қатынастары туралы заң жобасы қабылданса, бұл жұмыстардың тиімділігі арта түседі», - деп түйді ол.