Болатбек пен Мұхтар тікелей эфирде жекпе-жек айтысқа шығуы мүмкін

«Бәріңе! Ауруxанада жатырмын. Бітеліп қалған қан тамырларыма ота жасамақшы. Осыдан аман шықсам бір жоспарым бар:
Алтын домбыра туралы әртүрлі әңгіме айтылды ғой. Анығы Аллаға аян. Болатбек пен Мұxтардың арасында уақыты шектеусіз жекпе жек айтыс өткізгім келеді. Тікелей эфирде. Көрсетілімді қай телеарна мойнына ала алады? Демеуші болғысы келетіндер бар ма? Төрелікті xалық жасаса қайтер еді? Қандай жолмен?» - деп жазған Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман.
Одан бөлек айтыс жанашыры жұртты «Алтын домбыра» жыр додасындағы шешім туралы алып-қашпа әңгімені доғарып, екі ақынның жекпе-жек айтысын өткізуге қол ұшын созуға шақырған:
«...Ақыл қосыңдар. Пікір айтыңдар. Сырттан сынай беру оңай ғой. Ішінде болыңдар. Ұлт өнеріне шын жанашыр болсаңдар, соңынан жұдырық білеп әркімді ғайбаттағанша, қазір көмекке келіңдер» деген.
Сөз соңында ол халықтан тез сауығып, ойдағы ісін жүзеге асыру үшін тілектес болуын сұраған. «Жобаны жүзеге асыру үшін менің өліп қалмауым керек, дұғаларыңа қоса жүріңіздерші. Құрметпен ......», деп аяқталады жазба.
Айта кетейік, Алматыда өткен «Алтын домбыра» айтысында халық төрешілердің шешіміне наразылық білдіріп, шулап кеткен еді. Сахнаға көтерілген қала әкімі Бауыржан Байбек халыққа басу айтып, бас жүлде қызылордалық Мұхтар Ниязовқа берілген болатын. Ал Алматының арда ақыны Болатбек Оразбаев бірінші орынды иеленген еді.
Кейін осы дауға қатысты Айбек Қалиев «Алтын домбыра» айтысы ел арасына іріткі салатын болса, оны өткізбей-ақ қою керек деген пікір айтқан.
Одан соң 8 желтоқсан күні Болатбек ақын бұл дауға өзі нүкте қойған болатын.