16:02, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Болатхан Тайжан қоры құрылды
АЛМАТЫ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Болатхан Тайжан қорының тұсаукесері болды,
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл қордың құрылтайшысы, «Taizan Terminal» ЖШС-нің президенті, экономика ғылымының кандидаты Мұхтар Болатханұлы Тайжан. Қайырымдылық кеңесінің төрайымы Болатхан Тайжанның жары, медицина ғылымының докторы, профессор Айсұлу Тайжан. Қамқоршылық кеңес мүшелері - ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор, жеке құқық институтының директоры Майдан Сүлейменов, Қазақстан Дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов, Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов. М.Болатханұлының айтуынша, бұл қордың басты мақсаты әлеуметтік және мәдени бағдарламаларды жасау, жүзеге асыру саласында қайырымдылық қызмет жасау. Әйгілі дипломаттың отбасы өткен жылы Болатханның «Аталы сөздер» деп аталатын 3 томдық мақалалар жинағын және оның қатысуымен өткен телебағдарламалардың DVD үлгісіндегі 2 жинағын шығарды. Ал Алматы қаласының әкімдігі жаңадан салынып жатқан аудандардағы көшелердің біріне Болатхан Тайжанның есімін берді. Сондай-ақ Павлодар қаласындағы өзі білім алған №10 лицейде Б. Тайжан кабинеті мен пікірсайыс клубы ашылған. «Қордың басым бағыттарының бірі - талантты балаларға қолдау көрсету. Қазірдің өзінде Павлодарда дарынды оқушыларға шәкіртақы тағайындалды. Енді Дипломатиялық академиядағы араб тілін оқушылар арасында Болатхан Тайжан атындағы арнаулы шәкіртақы тағайындалғалы отыр», - дейді қор президенті М.Тайжан. Болатхан Құлжанұлы Тайжан 1941 жылы мамырдың 8-інде Павлодарда дүниеге келген. Алматыдағы №36 мектепті алтын медальға бітірген ол, 1959 жылы КСРО СІМ-нің Халықаралық қатынастар институтына түсті. 1960 жылы Мәскеудегі «Жас тұлпар» студентер қозғалысының бастамашысы болған Болатхан үздік арабтанушы студент ретінде 1963 жылы Хрущев пен оның зайыбына Египетке барған сапарында аудармашылық жасады. 70-жылдары КСРО СІМ жүйесінде қызмет жасаған жас дипломат 1975 жыл Әл-Фарабидің дін туралы трактатын бірінші болып араб тілінен аударды. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған кезде Сыртқы экономикалық байланыстар министрінің 1-ші орынбасары, ал 1993 жылдан бастап Мысырда, Магребте, Таяу Шығыста, Малайзияда Елші болып қызмет жасады. 2001 жыл зейнетке шығып, қоғамдық жұмыспен айналысқан Б. Құлжанұлы Алматыда 2007 жылы ақпанның 20-сында дүниеден озды.