Болгарияда 1 ақпанда елдің экс-президенті Желю Желевтің қайтыс болуына байланысты аза тұту күні жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария Үкіметі жексенбі күні 1 ақпанда Болгарияның тұңғыш демократиялық жолмен сайланған президенті (1990 жылдан 1997 жылға дейін) Желю Желевтің қайтыс болуына байланысты ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ол 30 қаңтарда 79 жасында дүниеден өтті.
Министрлер кабинеті Желю Желевті жерлеуді ұйымдастыру жөніндегі үкіметтік комиссия құрды, оған Болгарияның бұрынғы президенттері Петр Стоянов (1997 - 2002) және Георги Пырванов (2002 - 2012) кірді, комиссияға вице-премьер Румяна Бычварова басшылық етуде.
«Өзінің өмірмен және ісімен доктор Желю Желев біз бүгінде жылжып келе жатқан жолымызға бағыт берді. Мемлекет те, халық та болгарлар үшін бірден бір мүмкін жол - еуропалық үлгідегі демократия құрылысы жолымен сеніммен қадам басып келеді», - деп атап өтті республика президенті Росен Плевнелиев көңіл айту жеделхатында.
Желю Желев 1935 жылы 3 наурызда туған. 1958 жылы София университетін философия мамандығы бойынша бітірді, 1988 жылы докторлық диссертациясын қорғады.
Президент қызметіне Желю Желев 1990 жылы 1 тамызда Республиканың жаңа Конституциясы қабылданғаннан кейін бірнеше аптадан соң Болгария Халықтық жиналысында (парламентінде) сайланды. 1992 жылы ол алғашқы тікелей президент сайлауында жеңіске жетіп, бес жыл бойы мемлекет басшысы болды.
Болгария Халықтық жиналысы елдің тұңғыш президентін бір минут үнсіздікпен еске түсірді.