Болгарияда бес жыл ішінде сегізінші рет парламент сайлауы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі күні болгарлар бес жыл ішінде сегізінші рет сайлау учаскелеріне барды, деп хабарлайды Еuronews.

Болгария проведет досрочные выборы
Фото: Anadolu

Болжамдарға сәйкес, бұл жолы жеңіс сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымымен танылған бұрынғы президент Румен Радевтің блогына бұйыруы мүмкін.

Еuronews мәліметінше, Еуроодақтағы ең кедей мемлекет саналатын Болгария 2021 жылдан бері үкіметтердің жиі ауысу кезеңін бастан кешіп келеді. Бұған жаппай сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылықтар себеп болып, ұзақ жыл елді басқарған консервативті көшбасшы Бойко Борисовтың билігіне нүкте қойған.

Еуростат деректеріне сәйкес, Болгария жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша ЕО елдері арасында тұрақты түрде соңғы орында тұр. 2025 жылы ел (Грекиямен қатар) ЕО орташа көрсеткішінің 68%-ы деңгейінде болған.

Радев тоғыз жыл бойы 6,5 миллион халқы бар балқан елінің президенті қызметін атқарды.

Қаңтар айында ол жаңадан құрылған солшыл-орталық «Прогрессивті Болгария» бірлестігін басқару үшін қызметінен кетті. Сайлау алдындағы сауалнамалар бұл блокқа шамамен 35% дауыс берілетінін көрсеткен.

Әуе күштерінің бұрынғы генералы елді «олигархиялық басқару моделінен» арылтуды мақсат ететінін айтып, 2025 жылдың соңындағы соңғы үкіметтің құлауына әкелген антикоррупциялық наразылықтарды қолдады.

Сауалнамалар сайлаушылар белсенділігінің артуын болжап отыр: Болгар телеграф агенттігінің мәліметінше, 3,3 миллионнан астам адам дауыс береді деп күтіледі.

Дауыс беру Гринвич уақыты бойынша 17:00–де аяқталып, бірден экзит-пол нәтижелері жарияланады. Ал алдын ала қорытындылар дүйсенбі күні белгілі болады.

Сауалнамаларға қарағанда, Борисовтың еуропашыл ГЕРБ партиясы шамамен 20% дауыс жинап, либералды PP-DB блогынан озып, екінші орын алуы мүмкін.

Көш бастап тұрған Радев ЕО-ның «жасыл» энергетикалық саясатын «ережесіз әлемдегі аңғал саясат» деп сынға алады.

Жалпы Радев 240 орындық парламентте абсолютті көпшілікке ие болуға үміттеніп отыр.

Дегенмен, саясатқа деген сенімсіздік бұған дейін сайлаушылар белсенділігін төмендеткен: 2024 жылғы сайлауда ол 39%-ға дейін түскен.

Алайда, сарапшылардың пікірінше, Радевтің сайлаушыларды жұмылдыра алуына байланысты бұл жолы белсенділік жоғары болады.

Соңғы апталарда полиция сайлаушыларды сатып алуға қарсы рейдтер барысында 1 миллион еуродан астам қаражат тәркілеген. Жүздеген адам, оның ішінде жергілікті депутаттар мен әкімдер ұсталды.

Осыдан бұрын Болгарияда уақытша үкімет ресми түрде жұмысын бастағанын жазғанбыз.