Болгарияда президент сайлауының екінші туры бүгін өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Болгария азаматтары жексенбі, 1 қарашада президент сайлауының екінші турында дауыс береді, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.
25 қазанда өткен сайлаудың бірінші турында қатысқан 27 үміткердің ішінде ең көп дауыс жинаған екі жұп кандидат бес жылдық мерзімге президент және вице-президент лауазымдарын иелену құқығы үшін бақ сынайды.
Сайлаушылар қазіргі президент Илияна Йотова мен вице-президенттікке кандидат Кирил Вылчев, сондай-ақ бұрынғы премьер-министр Андрей Гюров пен вице-президенттікке кандидат Георгий Кандев арасында таңдау жасайды.
Дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, 20:00-де аяқталады. Егер сайлау учаскелерінде сайлаушылар кезекте тұрса, дауыс беру уақыты ұзартылуы мүмкін, бірақ кешкі сағат 21:00-ге дейін бітеді.
Сонымен қатар шетелдегі сайлау учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-ден сағат 20:00-ге дейін өтеді. Қажет болған жағдайда уақытты 21:00-ге дейін ұзарту мүмкіндігі бар.
Бірінші турда 6 584 025 тіркелген сайлаушының 22,98%-ы қатысқан кезде, Йотова-Вылчев жұбы 528 951 дауыс немесе 34,76% жинады.
Гюров пен Кандев 486 232 дауыс немесе 31,95% жинап, екінші турға өтті.
Сонымен қатар бірінші турда тіркелген сайлаушылардың 4,42%-ы «Мен ешкімді қолдамаймын» нұсқасын таңдаған.
Болгариядағы алдыңғы президент сайлауы 2021 жылдың 14 қарашасында өтті, екінші тур сол жылдың 21 қарашасында болды.