Бөлімшелердегі қызмет көрсету мәселесі шешілді - Halyk bank
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазкоммерцбанкпен бірігу кезіндегі «Қазақстан халық банкі» АҚ бөлімшелеріндегі қызмет көрсетуге қатысты түйіткілді мәселелер шешілді. Бұл туралы басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің ойымша интеграция сәтті аяқталды. Барлық тұтынушылық дерекқор, жалпы ақпарат ортақ дерекқорға ауыстырылды. Сервис деңгейі қайта қалпына келді деп айта аламыз. Алғашқы апта өте ауыр болды. Біз әлеуметтік желілерден, call-орталықтар арқылы болған жағдайлардан хабардармыз. Тұрақталу кезеңінен өттік, енді қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсартуға күш салудамыз», - деді Үміт Шаяхметова баспасөз мәслихатында.
Оның берген ақпараты бойынша, Halyk Bank-тің таза кірісі биылғы жарты жылдықта 24,1 млрд теңгеге төмендеген. Ал жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш 62,1 млрд теңгені құраған. Бұған 30,3 млрд теңге көлеміндегі ақшалай емес активтердің құнсыздануы, интеграцияға байланысты Қазкоммерцбанктің 43,3 млрд теңге көлеміндегі салық активінің мерзімі өтіп кеткендігі танылмауы себепші болған.
Сондай-ақ, банк басшысы Қазкоммерцбанк бұдан әрі заңды тұлға ретінде танылмайтындықтан құлдыраудың уақытша екенін айтты. Бүгін де біріккен банкте 13 мың адам қызмет атқарады.
Еске сала кетсек, шілде-тамыз айларында қос банктің қосылуына орай әлеуметтік желі қолданушылары ұзын-сонар кезек пен қызметтің сапасыз жүргізіліп жатқанына наразылықтарын білдірген болатын.