Бөлінген қаражатты игере алмай жатқан министрліктер мен өңірлер аталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бөлінген қаражатты игере алмай жатқан министрліктер мен өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөлінген қаражатты игере алмай жатқан министрліктер мен өңірлер аталды

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 98%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 11 трлн 284 млрд теңгені құрады. 32 млрд теңге бойынша жұмыс атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 8 млрд теңге болса, игерілмегені – 24 млрд теңге», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша ірі сомадағы қаражатты игере алмау ірі сомасы мынадай орталық мемлекеттік органдарда қалыптасқан: Қаржы министрлігі – 2 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 1,9 млрд теңге, Әділет министрлігі – 1,6 млрд теңге, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 1,2 млрд теңге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 1,1 млрд теңге.

«Қаражаттың игерілмеуінің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, сотта мемлекеттің мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарының жүргізілуі, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеудің созылуы», - деді ол.

Сондай-ақ Жамаубаев өңірлерде де тағы 24 млрд теңге игерілмей жатқанын мәлім етті. Қаражатты игермеудің ең жоғары көрсеткіші мына өңірлерде қалыптасқан: Ақтөбе облысында – 3,2 млрд теңге, Алматы қаласында – 3 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан – 2,5 млрд теңге, Батыс Қазақстан – 2,3 млрд теңге, Түркістан облыстарында – 1,9 млрд теңге.

«Қаржы жылының аяқталуына дейін аз уақыт қалды. Осыған орай орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жоспарланған қаражатты ғана емес, сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруді жеделдетуі қажет екенін еске саламын», - деді ол.