Бөлшек сауда үлесінен Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша, елімізде бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі аса жоғары үлесі Алматы (26,8 пайыз) және Астана қалалары (10,2 пайыз) мен Қарағанды облысына (9,7 пайыз) тиесілі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінен хабарланды.
None
None

Деректерге сүйенсек, 2014 жылғы қаңтар-желтоқсандағы бөлшек сауда көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 12,1 пайызға жоғарылап 6 трлн. 20,8 млрд. теңгеге жеткен.

Бұл ретте 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда сауда кәсіпорындары арқылы тауарларды өткізу көлемі 3 244,1 млрд. теңгені құрап, нақты мәндегі көрсеткіш 15,2 пайызға артқан.

«Бұдан бөлек, 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда базарлармен және жеке кәсіпкерлермен жасалған сауда көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға жоғарылады. Мұндай өткізу арнасының үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінде 46,1 пайызды құрады», - делінген баспасөз баянында.

Тұтастай алғанда, бөлшек сауда құрылымында азық-түлік емес тауарлар басым болып отыр. Бұл ретте азық-түлік емес тауарлардың бөлшек саудада өткізілуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға өскен, ал азық-түлік тауарлар 10,1 пайызға ұлғайған.

2015 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша бөлшек саудадағы саудамен айналысатын кәсіпорындардың тауарлық қорларының көлемі 324,8 млрд. теңгені құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар