Болсонару Бразилиядағы президент сайлауында ұлының кандидатурасын қолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару келесі жылы өтетін президент сайлауында өз ұлы — сенатор Флавио Болсонарудың кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы SCMP хабарлады.
Мұндай мәлімдемесін бейсенбі күні бұрынғы мемлекет басшысы жоспарлы түрде беліне хирургиялық ота жасалғаннан кейін ауруханада жатып жолдаған. Дәрігерлердің айтуынша, ота асқынусыз, ойдағыдай өткен.
Жоғарғы соттың судьясы Александр де Мораес Болсонаруға ота жасау үшін қамауда отырған жерінен уақытша шығуына рұқсат берген. Медициналық мекемеде болған кезеңде оның палатасын полиция қызметкерлері күзетіп тұрды, сондай-ақ ұялы телефондар мен компьютерлерді пайдалануға шектеу қойылған.
44 жастағы Флавио Болсонару әкесінің атымен тығыз байланысты консервативтік саяси бағытты жалғастырып, оны нығайтуды көздейтінін атап өтті.
Ол келесі жылғы 4 қазанда өтетін сайлауға қатысуды жоспарлап отыр және қазіргі мемлекет басшысы Луис Инасиу Лула да Силвамен президенттік қызмет үшін бәсекеге түспек.
Еске салайық, Болсонару 2022 жылғы сайлаудан кейін Луис Инасиу Лула да Силваның президенттік қызметіне кірісуіне кедергі келтіру мақсатында төңкеріс ұйымдастырды деп танылып, қыркүйек айында сотталған еді. Сол кезде прокурорлар бұл астыртын әрекет жоғары әскери басшылық тарапынан қолдау болмағандықтан ғана сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеген.
Ал 27 жылға сотталғанымен, бұл шешімге апелляция беріп, үйқамақта отырған экс-президентті биыл қараша айында полиция қайтадан қамауға алды.
Кейінірек Бразилия Ұлттық конгресі оның бас бостандығынан айыру мерзімін айтарлықтай қысқартуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Өкілдер палатасы мен Сенат оның 27 жылдық жазасын екі жылға дейін қысқартуы мүмкін заңды қолдап дауыс берді.