Болжам бойынша 2012 жылы еліміздегі атаулы жалпы ішкі өнім 28,9 трлн. теңгені құрайды - Қ.Келімбетов
rong>АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Болжам бойынша 2012 жылы еліміздегі атаулы жалпы ішкі өнім 28,9 трлн. теңгені құрайды. Ал, 2017 жылы бұл көрсеткіш 44,7 трлн. теңгеге дейін ұлғаяды.
Бүгін ҚР Үкіметі отырысында 2012-2016 жылдарға арналған әлеуметтік экономикалық даму болжамын ұсынған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов осылай мәлім етті.
Аталмыш құжат еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспарында және Елбасының халыққа Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Экономикалық даму және сауда министрі Қ. Келімбетовтің айтуынша, макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы бірінші жартыжылдықтың қорытындыларын, әлемдік тауар нарықтарындағы жағдайды, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың негізгі экспорттық тауарларға әлемдік баға бойынша түзілген болжамдарын есепке ала отырып қалыптастырылған.
«2012 жылы базалық сценарий үшін мұнай бағасының болжамдық деңгейі барреліне 80 долларды құрайды. Ал, 2013-2016 жылдарда бұл көрсеткіш 70 доллар деңгейінде болады. Жалпы бұл әлемдік экономикадағы болуы ықтимал қауіптермен сәйкес келеді. Сондай-ақ, болжам бойынша 2012 жылы атаулы жалпы ішкі өнім 28,9 трлн. теңгені құрайды. Ал, 2017 жылы бұл 44,7 трлн. теңгеге ұлғаяды», - деді Қ. Келімбетов.